Әдебиеттің тектері мен түрлері

Эпикалық тек

 

Қаралатын мәселелер:

- әдебиеттің үш текке (эпос, лирика, драма) бөлінуі;

- тек, түр, жанр терминдерінің мән-мағынасы;

- жанрлық жіктеудің шарттылығы;

-эпикалық бейнелеу тәсілінің ерекшелігі;                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 - эпикалық   тектің  жанрлық  түрлері;

- Белинский, Байтұрсынов  эпикалық жанр туралы;

 

            Әдеби жанр (французша-тек, түр) шартты түрде екі мағынада қолданылады. Дұрысында, жанр әдебиеттің тегі емес, тегінен тарайтын ішкі тармақтар.

Шығарманы белгілі бір жанрға жатқызудың бірінші сипаты қай текке қатысты екендігі болса, екінші сипаты қандай сарынмен жазылғандығы, ал үшінші сипаты қандай көлемде, қалай құрылғандығы деуге болады.

Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан: көлемді эпикалық шығармада өмірдің күрделі шындығы нақты көркем тұлғаларға жинақталып, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, лирикада адамның жек басына тән көңіл-күйі, нәзік және терең психологиялық тебіреністері суретеледі.

      Ал драмалық шығармаларда көбіне адамдардың қимыл-әрекетіне, қақтығыстарына-түрліше тағдырлар тартысына-құрылатыны мәлім.

      Жанр-тарихи категория. Сондықтан ол барлық заманға бірдей қатып-семген дүние емес. Ол-заман талабына сай өзгеріп, жаңғырып отыратын құбылыс. Кез келген жанр кез келген әдебиетте өніп, өркендей бермейл-ді. Оған қолайлы жағдай қажет, тиісті дәстүр керек. Екінші сөзбен айтқанда, белгілі өсімдіктің тек белгілі бір топырақта ғана, белгілі жыл мерзімінде ғана өсіп-өнетіні секілді, белгілі әдебиет жанры да белгілі бір тарихи –қоғамдық,мәдени-ұлттық жағдайда өсіп, өнеді.

Францияда ХҮІІІ ғасырда классицизммен бірге өріс алған ода жанры сол классицизммен бірге ХІХ ғасырда бүкіл Европа әдебиетінің сахнасынан түсіп қалды. Кей жанр үздіксіз ұзақ өмір сүрсе (мысал), кей жанр кейде сөніп, кейде лап етіп жанады. (сонета).Әдебиеттегі тегі бейнелеу тәсілінің үш түріне қарай жіктеледі: бірі автордың өз атынан баяндау (эпика), екіншісі-геройдың толғанысы (лирика), үшіншісі-геройлардың өзара қақтығысып сөйлеуі (драма).

Әр жанрдың әдеби түр ретінде тууы мен қалыптасуының, жамуының негізінде мазмұнның ұланғайыр құбылулары-пайда болуы, өзгеруі, өсуі, өшуі жатыр. Жанр жасайтын байыптауға әншейін пішін тұрғысынан емес, мазмұн тұрғысынан келіп, оның ішкі даму заңдылығының тарихын талдап, тексеру керек, яғни историзм принципі тұрғысынан келу керек.

Әрбір адам шығарма-белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы болатындықтан, бұлар бірін-бірі қайталамайды: тектері мен түрлері ұқсас болғанмен Шекспир трагедиясы Мүсірепов жазған трагедиядан, Бальзак романы Әуезов романынан, Абай поэзиясы Жансүгіров поэзиясынан өзге екені сөзсіз. Жанр даму үстінде болатындықтан, жанрлық дамудың өзі-тірі процесс.  Шығарманың жанры, яғни кейпі дегеніміз бірыңғай және біркелкі қиысқан өзгеше сипаттардың ерекше образ жүйесінің, айрықша композиция құрылысының, лайық тіл оралымының, белгілі интонацияның т.б. нақты бірлігі деп білу керек.

Көркем творчество жанрларға бөлінбей тұрған көне дәуірде әдеби туындыға тән бірден-бір сипат поэтикалқ синкретизм болғаны мәлім.      Синкретизмде жанрлық сипаттар жапа-тармағай қосылып жатты. Мәселен, бір топ адам қосыла әндететін баяғы хорлардың мазмұнында кейде бастарындағы күйініш-сүйініштер (лирикаға тән сипат)-араласып, кейде ән бастаушы мен қлстаушылар арасындағы диалогтар (драмаға тән сипат) кездесіп отырады.

      Осылардың бәріне қоса, хорға адамдардың дене қимылдары, бет құбылыстары, билері араласатын да, өнерге қолма-қол сахналық сипат беретін. Қоғамның даму барысында синкретизм жойылды да, өнердің жеке дара түрлері пайда болды. Бір поэзияның өзі талай түрге бөлінді. Ол түрлер ғасырдан-ғасырға өзгеріп, ескісі жоғалып, жаңасы туып отырды. Бұл-жанр табиғатындағы бұрыннан болған, бар және бола беретін заңдылық.

Эпос (грек сөзі-баяндау, әңгімелеу,тарихтап айту)-көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Әдебиетті қандай ерекшелігіне байланысты текке бөлеміз?

2. Әдебиеттің қандай тектері бар?

3. "Тек", "түр", "жанр" терминдеріне анықтама бер.

4. Эпос, лирика,  драманың өзіндік ерекшеліктері.

5. Роман-эпопеяның жанрлық ерекшелігі қандай?

 

Пайдаланатын әдебиеттер

1.      А.Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» Кітапта: шығармалары. А.,1989

2.      З.Қабдолов «Сөз өнері» А., 1976, 1982, 1992

3.      Р.Бердібаев «Роман және заман» А., 1967ж

4.      Әдебиеттану. Хрестоматия құрастырған С.Мақпыров А., 1991.

5.      М.Әуезов «Әдебиет тарихы» «Ана тілі» 1991

6.      В.Г.Белинский Таңдамалы шығармалар. 1947-1948

7.      Ғ.Мүсірепов «Заман және әдебиет» А. 1982

8.      С.Мақпыров «Әдебиеттің тектері мен түрлері» А., 1994

9.      Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құр. З.Ахметов А., 1997

 

Лирикалық тек және оның түрлері

 

Қаралатын мәселелер:

-  Лирикалық бейнелеу тәсілінің ерекшелігі;

-  Белинский, Байтұрсынов лирика туралы

-  Лирикалық қаһарман сыры;

- Лирикалық тектің жанрлық түрлері: ода, элегия, мадақ, сонет, сатиралық лирика,          

   мадригал т.б. ;

- Лиро-эпостық шығармалар (поэма, баллада т.б.) ;

 

Лирика (грек сөзі-ежелгі үніне қосылып ән салған музыка аспабы)-әдебиеттің аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі; басты ерекшелігі-адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін бейнелеп көрсетуі.

Лирикадағы тартыс әдебиеттің басқа жанрларындағыдай сюжеттік ситуация арқылы көрінбейді, лирикалық геройдың күйініш-сүйніші, ой-сезімі арқылы суретеледі.

…Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да лирикада сөз кезеңнің отты нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, айталық, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, қоғамдық тартыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығармалардан айырмасы да, артықшылығы да осында.

Егер эпикалық жанрдың ең басты ерекшелігі уақиғаның қалай баяндалып, суреттелуінде болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін, өмірден алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан сезімін, көңіл-күйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын, табиғатты айрықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады.

Әр халықтың лирикалық өлеңдері оның ауыз әдебиетінен бсталады. Мысалы, қазақ лирикасының басы баяғы тұрмыс-салт өлеңдерінде-тойбастар мен жар-жарда, сыңсу мен беташарда немесе қоштасу мен көңіл айтуда, естірту мен жоқтауда жатыр. Солардан өрбіген лирикалық сарын толассыз дамып әр түрлі ән өлеңдеріне, толғау, жырларға тоғысқан да, одан лиро-эпосқа сіңген.

  Адам, адамның қоғамда атқаратын қызметі, оның моралдық, мінез-құлықтық сипаты, өмір, уақыт, Отан туралы поэткалық байыптауларға, философиялық тұжырымдарға бара алатын әр кезең өзінің лирикалық герой характерін анық танытарлық ой, пікір, болжам айтады. Ол әрі жасампаз, әрі қажетсізді қирата да алады. Ол сүйінеді, күйінеді. Ол жақсыны дәріптеуден, жаманды сынаудан шегінбейді.

Отты сезім, ойға бай түйіндеулер арқылы лирикалық геройдың заманға лайықты ірі, сом тұлғасын жасай алуының сыры-оның ең алдымен, ақындарымыздың қоғам өмірінің  әр саласына ой жіберуіне, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ашуға қоғамдық көзқарас тұрғысынан келуіне байланысты.

Лириканы сөз еткенде, лирикалық қаһарман туралы айтпай мүмкін емес. Лириканы сөз еткенде, лирикалық қаһарманның басты ерекшелігін айқындайтын қасиеттер-ақынның қоғамдық, эстетикалық мұраттары, идеалдары, өмір құбылыстарын, дәуірді, халық тағдырын өзінше түсініп-сезінуі. Сонда лирикалық қаһарман деген ұғым ақынның көптеген шығармаларындағы ой-сезім дүниесінің, мақсат-мұраттардың бірлік-тұтастығн танытады. Жекелеген шығармада лирикалық қаһарман бейнесі бір қырынан ғана көрінетіні табиғат лирикасының кейбір үлгілері мысал бола алады. Лирикалық шығармада көбіне-көп қоғамдық күрделі ой-пікірлер, ақынның жеке адамға деген ыстық сезімі, не болмаса сезімін қозғаған табиғаттың бір көрінісі-бәрі тығыз байланысып жатады. Мәселе тек қай шығармада қай жағы басым келетінін ескеруде. Қорыта айтқанда, қаһарманның бейнесі мейлінше толық, жан-жақты қалпында ақынның бір ғана емес, көптеген туындылары арылы танылатынын есте ұстау керек.

Нағыз лирикалық шығармалар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. В.Г.Белинскийдің «ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы туралы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді»,-деуі сондықтан лирикалық қаһарманның терең байланыста суреттелсе, соғұрлым ол тптік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады.

Лирикалық өлеңдерінің бүкіл әлем әдебиетіндегі дамуы тұрғысынан сөз етсек, оның мынандай түрлері болғанын білген жөн: баллада, идиллия, мадригал, ода, сонет, элегия, эпиталама, эпитафия, эпиграмма т.б.

Әдебиет зерттеушілері шартты түрде лириканы мынандай түрлерге бөледі:саяси лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы.

         Лириканы бұлай саралаудың бірқатар мәні бар: оның әр түрінен ақынның әр қырын тануға болады. Мысалы, Абайдың махаббат лирикаларынан оның сұлулыққа көзқарасынан бастап терең гуманизміне дейінгі талай қырын аңғаруға болады.                                                                                                                          .                                  Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

                       Аласы аз қара көзі нұр жайнаған.

                       Жіңішке қара қасы сызып қойған

                       Бір жанды ұқсатамын туған айға

                       Сөзбен салынған суреттей-сұлу бейне.

                       Қызарып, сұрланып,

                       Лүпілдеп жүрегі.

                       Өзгеден ұрланып,

                       Өзді өзі керегі.

Мұнда адамның сырт құбылысының өзінен-ақ ішкі сезімі көрініп тұр.

Пушкин аудармасына:

                       Шеш көңілімнің жұмбағын,

                       Әлде бәрі-алданыс

                       Жас жүрек жайып саусағын

                       Талпынған шығар айға алыс,-

дейді. Ақын кемелденген, есейген.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Лирикалық тектің қандай жанрлық түрлері болады?

2. Лирикалық бейнелеу тәсілінің ерекшелігі неде?

3. Лирикалық қаһарман сыры деген не?

4. Лирикалық шығармалар және тақырып мәселесі.

5. Лиро-эпостық шығармалардың ерекшелігі неде?

6. А.Байтұрсыновтың лирика туралы пікірін білесің бе?

 

Пайдаланатын әдебиеттер

1.      А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» Кітапта: шығармалары. А.,1989

2.      З.Ахметов «Өлең сөздің теориясы» А., 1973

3.      З.Қабдолов «Сөз өнері» А., 1976, 1982, 1992

4.      З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» А., «Ана тілі» 1995

5.      М.Әуезов «Әдебиет тарихы» «Ана тілі» 1991

6.      Б.Кенжебаев «Қазақ өлеңінің құрылысы» А., 1955

7.      С.Негимов «Өлең өрімі» А., 1970,

8.      С.Негимов «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» А., 1991